Маусым айында Халықаралық экономика және бейбітшілік институты 163 елді қамтыған «Ғаламдық бейбітшілік индексі» рейтингін жариялады. Елдер бейбітсүйгіштік деңгейіне қарай бес санатқа бөлінді: өте жоғары, жоғары, орташа, төмен және өте төмен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылғы рейтингте Қазақстан 56-орынды иеленді. Өткен жылы еліміз 59-орында тұрған болатын. Бірақ зерттеу авторлары Қазақстанның бес сатыға көтерілгенін атап өтеді. Мұндай айырмашылықтың себебі биыл 59-орынды бірден екі ел: Мадагаскар мен Босния және Герцеговина бөліскен.
Былтырғыдай Қазақстан Орталық Азиядағы ең бейбіт ел болып қалды. Биыл еліміз аймақта «жоғары бейбітсүйгіштік» деңгейіне ие жалғыз мемлекет ретінде танылды. Ал былтыр Орталық Азияның барлық елдері «орташа бейбітсүйгіштік» аймағында болған.
Жалпы әлемдік бейбітшілік рейтингі бойынша алғашқы үш орынды Исландия, Ирландия және Жаңа Зеландия иеленген. Ал соңғы үш орынды Судан, Украина және Ресей бөлісіп отыр. Айта кетейік, рейтинг Израиль мен Иран арасындағы зымыран соғысына дейін жасалған. Бұл тізімде Израиль 163 елдің ішінде 155-орында болса, Иран 142-орында тұр. Қазіргі қақтығыс жағдайында Иранның позициясы одан да төмен болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!