Фото: gov.kz
Қазақстан Үкіметі Америка Құрама Штаттарына 49 жыл мерзімге жаңа Америка консулдығын салу үшін ауданы 70 мың шаршы метрден асатын Алматыдағы жер учаскесін жалға береді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне Алматы қаласындағы Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің ғимаратын салу үшін жер учаскесін жалға беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын», – делінген Қазақстан Министрлер Кабинетінің қаулысында.
Құжатқа сәйкес, АҚШ келесі көшелер арасында орналасқан ауданы 70 593 шаршы метр жер учаскесін жалға алады: Жамақаев көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Сейфуллин даңғылы, Алдар Көсе көшесі. Консулдық мекеменің ғимаратын салу және пайдалану үшін жер учаскесін жалдау шарты жасалған күннен бастап 49 жыл мерзімге беріледі. Айта кететіні жалдау мерзімі тағы 49 жылға ұзартылуы мүмкін.
«Бастапқы 49 жылдық жалдау мерзімі үшін және одан кейінгі барлық 49 жылдық ұзарту кезеңдері үшін (жалпы ұзақтығы шектеусіз) жалдау ақысының мөлшері 25 301 016 долларды құрайды және осы келісім күшіне енген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде бірыңғай төлеммен төленетін болады», – делінген құжатта.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!