Қазақстан халықаралық деңгейде авиациялық қауіпсіздік саласында үлкен жетістікке жетті. Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) еліміздің көрсеткішін 95,7 пайыз деп бағалады. Бұл – әлемдік орташа деңгейден әлдеқайда жоғары нәтиже, деп хабарлайды “Адырна”. 

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің хабарлауынша, ИКАО сарапшыларының тексеруі 2025 жылғы 30 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында жүргізілген.

Дерек бойынша, әлемдік орташа көрсеткіш 72 пайызды, ал Еуропадағы орташа деңгей шамамен 88 пайызды құрайды. Қазақстан бұл көрсеткішпен аймақ елдерінің көбінен озып, Катар мен Біріккен Араб Әмірліктері сияқты авиация саласында алдыңғы қатардағы мемлекеттерге жақындады.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі кезде:

  • Әзербайжан – 74,66%,
  • Өзбекстан – 85,47%,
  • Қырғызстан – 85,76%,
  • Грузия – 89,75%,
  • Беларусь – 91,85%,
  • Ресей – 94,14% көрсеткіш көрсеткен.

Ал көршілес аймақтарда БАӘ – 98,4%, Катар – 96,72%, Сауд Арабиясы – 94,41% деңгейінде тұр.

Осылайша, Қазақстан ИКАО-ның Еуро-Азиаттық аймағындағы (EUR/NAT) авиациялық қауіпсіздік бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен елдердің бірі атанды.

Бұған дейін Қазақстанның көрсеткіші 83 пайыз деңгейінде болған. Қазір ол шамамен 13 тармаққа өсіп, жаңа рекорд орнатты. Бұл жетістік авиация саласындағы ережелерді жаңарту, мамандарды даярлау және әуежайлардағы қауіпсіздік бақылауын күшейту жұмыстарының нәтижесі болып отыр.

Сала мамандарының айтуынша, мұндай жоғары көрсеткіштер Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, АҚШ-пен тікелей әуе қатынастарын ашуға, сондай-ақ шетелдік авиакомпанияларды көбірек тартуға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, 2025 жылдың маусым айында Көлік министрлігі Қазақстандағы тек сегіз әуежайдың ғана ИКАО-ның жоғары стандарттарына толық сәйкес келетінін хабарлаған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!