Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Ауғанстанға 36 вагон гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ауғанстан халқына 2,2 тонна өсімдік майы, ұн мен күріш жармасы, шатыр мен жылы көрпелер және ең қажетті дәрі-дәрмек жеткізілді.
Құрамында маңызды дәрі-дәрмектер бар гуманитарлық көмектің тағы бір партиясы әуе көлігімен жөнелтіледі.
“Қазақстанның Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов Қазақстан ауған халқына тұрақты қолдау көрсетуді, сондай-ақ елдер арасындағы достық және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды дәйекті түрде қолдады. Ол гуманитарлық салада ғана емес, сонымен қатар тау-кен өнеркәсібі, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін растады”, – деп мәлімдеді президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі”.

Гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің көмегімен жеткізілді.
Сондай-ақ 21-23 сәуір аралығында премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Кабулға сапары жоспарланған. Сапар аясында Ауғанстан шенеуніктерімен кездесулер мен қазақстандық тауарлардың көрмесі өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!