Қазақстан азаматтығын алу немесе қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді, ел Конституциясы мен тарихын білуге қатысты талаптар өзгереді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп. 

Бұл туралы жауапты орган әзірлеген жаңа ереже жобасында айтылған.

Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 17-бабы, 14-тармағына сәйкес, егер өтініш білдіруші мемлекеттік тілді элементар деңгейде, Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын тиісті көлемде білмесе, азаматтық беруден бас тартуға болады.

Жаңа түзетулерге сәйкес, бұл білім көлемі нақты балдықжүйемен белгіленбек. Жоба мәтінінде былай делінген.

«Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді элементар деңгейде білу — кемінде 15 балл, Конституция негіздері — кемінде 20 балл, ал Қазақстан тарихы — кемінде 15 балл болуы тиіс», – делінген жобада.

Жоба авторларының айтуынша, бұл өзгерістер әр пән бойынша тест сұрақтарының санының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, жалпы өту балын 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!