Фото: Бауыржан Найманов

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қолдауымен мақтаны селекциялау жұмыстары басталды. Жобаның негізгі мақсаты – елдің әр түрлі топырақ-климаттық зоналарында тұрақты өндірісті қамтамасыз ете алатын бәсекеге қабілетті мақта сорттарын жасау. Бқл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлады Қазақпарат.

24-25 сәуірде селекциялық питомниктерде әрі қарай будандастыру үшін үлгілер мен гибридті комбинациялар салынды. Жобада 33 станциялық үлгі, 26 гибридті комбинация және биологиялық питомниктен 420 үлгі қатысады. Сондай-ақ, М-4011 және М-5027 сорттарының 40 тонна элиталық тұқымын алу жоспарланған.

«Ғалымдар жаңа жасалып жатқан орташа талшықты мақта сорттары гектарынан 45-50 центнерден жоғары өнімділік беретінін және 110-117 күннен кейін жинауға болатын ерте пісетіндігін айтады», — делінген ақпаратта.

Талшық сапасы да таңқаларлық — шығымы 38-40%, талшық ұзындығы 33-34 мм. Кейінгі селекциялық жұмыстар үшін үлгілерді іріктеу жұмыстары басталды.

Бағдарлама қорытындысы бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығы сынақтары мен сорттарының мемлекеттік комиссиясына жаңа сорт беріледі.

Вегетация кезеңінде өсімдіктерге тыңайтқыш енгізу, қатараралық өңдеу, зиянкестермен күрес және суаруды қоса алғанда, кешенді күтім жасалды.

Мақтаны жинау қыркүйектің басында басталды. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қызметкерлері индоселекциялық үлгілер жоғары өнімділік көрсетіп жатқанын растайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!