Фото: pixabay.com

KAZINFORM – Қазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына қаражат аударып жатыр. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қазақстан халқына» қоры Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың табиғи апаттан зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау ретінде, ауылдық жерлерде жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге 200 тұрғын үй салуды қаржыландырады. 

«Елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын қазақстандықтар мен ұйымдар су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету мақсатында қорға жүгініп жатыр. Азаматтар мен кәсіпорындардың бастамасын назарға ала отырып, қор ұйымның шоттарына түскен қаражатты жинауға және оның ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге дайын», – делінген хабарламада. 

Ақпаратта айтылғандай, 1-30 сәуір аралығында заңды және жеке тұлғалардың барлық ерікті қайырымдылықтары шешімдер негізінде және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен зардап шеккендер үшін ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға жіберіледі. Сондай-ақ, қор донорлар мен аударылған сомалардың мөлшерін көрсете отырып, егжей-тегжейлі есепті жариялайтын болады. 

«3 сәуірдегі жағдай бойынша қордың шоттарына компаниялар мен жеке тұлғалардан 630 миллион теңгеден астам сомаға қайырымдылық жарна түсті», – дейді қордан. 

Қайырымдылық қордың ресми веб-сайтында көрсетілген, қолма-қол ақшасыз нысанда екінші деңгейдегі 8 қазақстандық банктегі шоттарына қаражат аудару арқылы қабылданады. Жеке тұлғаларға ыңғайлы болу үшін аударымдар банктердің мобильді қосымшаларында «қайырымдылық» бөлімінде қолжетімді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!