Премьер-министр Олжас Бектенов PGI Management компаниясының президенті Джоан Виладоматпен тау шаңғысы туризмін дамытудағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді. Жиында Алматы кластеріне көңіл бөлінді. 

Туризм саласының жаһандық үрдістері және оның елдер экономикасының өсуіне қосқан үлесі талқыланды. Тау шаңғысы бағыты таулы аудандар мен жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құралы екені айтылды.

Джоан Виладомат туризмге назар аударуды ескере отырып, бірқатар елдің экономика құрылымдарын трансформациялау бойынша жобаларды іске асыру нәтижелерімен бөлісті. Бүгінгі таңда компанияда 120-дан астам жоба бар, оған Давос және Сент-Мориц (Швейцария), Куршевель (Франция), Ишгл және Тироль (Аустрия), Вейл және Аспен (АҚШ), Уистлер-Блэккомб (Канада) сияқты қысқы туристік брендтер, сондай-ақ өткен жылы келушілер саны 9,6 млн адамды құраған, 80 мың халқы бар Андорра курорттары кіреді. 60 жылдан астам уақыт бойы компания тау шаңғысы кешендерін дамытуда әлемдік көшбасшыға айналды. 

Тараптар Алматы тау кластерін бірлесіп дамыту келешегін қарастырды. Бүгінгі таңда туристік ағын жылына 2 млн адамды құрайды, жалпы маусымдық 2 мың жұмыс орны ашылды. Жалпы ұзындығы 41 шақырым трассадан және 16 көтергіштен тұратын қолданыстағы инфрақұрылым күніне 6 мың адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте отандық және шетелдік туристер тарапынан сұраныстың артуы маусымдық туристік дестинация ретінде тау шаңғысы туризмін дамытудың мемлекеттік стратегиясын одан әрі жетілдіруді талап етеді. Талдау нәтижесіне сәйкес, трассалар ұзындығын 227 шақырымға, көтергіштер санын 58-ге дейін арттыру арқылы кластер инфрақұрылымын дамыту ағымдағы өткізу қабілетін 5,6 есеге, күніне 34 мың адамға дейін жеткізуге, 10 мың тікелей жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2029 жылға қарай Алматы тау кластері жылына 7,5 млн-ға дейін турист қабылдай алады. Сонымен қатар еншілес және сервистік экономиканың дамуына тұрақты әсер күтілуде.

Инклюзия да маңызды сала ретінде аталды. Инфрақұрылымды жаңғырту балалардың қысқы спорт түрлерін меңгеруі және отбасылық бос уақытын ұйымдастыру үшін білім беру бағдарламаларын кеңінен дамытуға мүмкіндік береді. 

Премьер-министр қазіргі жаһандық экономикалық жағдайда әртараптандыруға басымдық берілгенін атап өтті. Туризм саласы өңдеу өнеркәсібі, цифрландыру, көлік және логистика сияқты салалармен қатар экономикалық өсудің жаңа бағытына айналуы тиіс. 

Кездесу соңында қатысушылар халықаралық стандарттарға бейімделген инфрақұрылымды жаңғырту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!