Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Бүгін Астана халықаралық әуежайынан Италияның Милан қаласына тұңғыш әуе рейсі бағыт алды. Алматы-Астана-Милан бағытындағы ұшаққа мінген туристер тарихи сәтті бастан кешті , – деп хабарлады Қазақпарат.

Рейсті итальяндық NEOS әуе компаниясы жүзеге асыратынын атап өткен жөн.

NEOS 2001 жылы екі туристік фирманың бірлескен кәсіпорны ретінде құрылды – итальяндық Alpitour S. p.a. және неміс TUI Group.

Италияның ең ірі жеке әуе компанияларының бірі ретінде NEOS бүгінде 70-тен астам бағытты жүзеге асырып отыр.

«Бұл көптен күткен оқиға. Біз NEOS әуе компаниясына ынтымақтастық үшін алғысымызды білдіреміз. Жаңа рейстің ашылуы туристік ағынның дамуына және елдер арасындағы мәдени және іскерлік байланыстардың нығаюына ықпал ететініне сенімдіміз. Астана халықаралық әуежайы жаңа рейсті қарсы алуға қуанышты және табысты ынтымақтастыққа үміттенеді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы Әділет Көбенов жаңа рейстің салтанатты рәсімінде.
NEOS әуе компаниясының рейстері аптасына екі рет Boeing 787 Dreamliner ұшағымен жүзеге асырылады. Ендігі жерде жолаушыларға Миланнан Қазақстан астанасына және кері қайтуға жедел әрі жайлы жетуге мүмкіндік зор.

Екі шаһар арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына, Қазақстанның азаматтық авиациясы мен көлік-логистика саласының жандануына оң әсер етпек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!