Яғни, елде жыл сайын жол кептелесінің уақыты ұзарып жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Бір қарағанда тақырып қарапайым көрінуі мүмкін, әйтсе де бұл құбылыс адамның өмір сүру сапасына, кейде психологиялық көңіл-күйіне әсер ететіні жасырын емес. Қазір Алматының өзінде күнделікті 24 сағатының 3 сағатын жолдағы кептеліске жұмсайтын жандар көбейді.
Жалпы алғанда, әр қазақстандық орта есеппен жолға 35,8 минутын жұмсайды. Қоғамдық көліктен гөрі жеке автокөлік көп қолданылады. Көлік көбейген жерде жол уақыты да ұзара беретіні түсінікті жайт.
Кептеліс, көліктің көбеюі адамға емес, экология да әсер ететінін фактор болып тұр.
Қазақстанда күніне бір жолаушыға шаққанда ауаға 3942,5 грамм көмірқышқыл газы тарайды. Осы факторлардың бәрін ескергенде Қазақстан ТМД елдерінің арасында Беларусь пен Арменияны басып озды.
Бұл мәселелерді түгелдей заңмен реттеу мүмкін емес екені белгілі, көліктердің көбеюіне толық тыйым сала алмаймыз. Дегенмен көлік-логистика жүйесін реттеуге болады. Ол да инвестицияға байланысты.
Ал екінші жағынан, урбанистикаға басымдық беріп, қалаларды жоспарлау ісіне мән беру керек-ақ. Бұл саладағы сарапшылардың айтары көп. Qazaqstan Sustainability Coalition урбанистері Әлихан Көшербаев пен Жарасқан Шүитбаевтың пікірінше, Қазақстанда динамика расында да нашарлап барады.
– Біздегі қарапайым халық та, элита да әуелде Араб Әмірліктеріне немесе АҚШ-қа ұқсауды армандаған еді. Иә, біз оларға жақындап келеміз, бірақ жақсы қырынан емес. Алматылықтар мен астаналықтар орта есеппен кептеліске Дубай тұрғындарымен бірдей уақыт жұмсайды. Алайда Дубай араб ертегісінің тек бір бөлігі ғана. Дубайға жапсарлас жатқан Шарджада адамдар кептелісте толық бір сағат тұрады. Осы екі алып қаланы қосып қарасақ, көңіл құлазытатын көрініс шығады, – дейді сарапшылар.
Урбанист Әлихан Көшербаев осы тұста елде көліктердің тым көбейіп жатқанын тілге тиек етті. Егер қалалар адамдардың әрі-бері қатынауына жақсы жағдай жасай алмаса, тұрғындар көлік алуға құмартады. Қазір елде қытайлық және отандық көліктерге жеңілдетілген несиелер көп. Бұл бағдарламалар шықпай тұрғанда, осыдан 3 жылдай уақыт бұрын ғана Қазақстанда әр 4 адамға 1 автокөліктен келетін. Қазір көліктер көбейіп, әр 3 адамға 1 көліктен тиетін болды. Яғни, елде 7 млн-ға жуық темір тұлпар бар.
– Бірақ көліктердің барлығы да бір күнде пайдаланыла бермеуі мүмкін. Мәселен, Еуропа елдерінде адам басына шаққанда көлік саны Қазақстанға қарағанда көбірек. Көлікпен адам тезірек, жайлы жүреді. Бірақ кептеліс жол тосады. Қалалар бұл мәселені жолдарды кеңейту арқылы шешкісі келеді. Бір қызығы, алматылық сәулетші Давид Каминский мен Vlast.kz 2020 жылы Алматыдағы жолдарды кеңейту бюджеттерін салыстырған болатын. Алматы кептелістен бәрібір құтыла алмайтын жолдарға жұмсаған сол ақшамен бүкіл қаланы жеке жолақтары бар BRT және LRT жүйелерімен байланыстыра алатын болып шықты. Бұл маршруттар тек Алматы орталығының ішінде емес, бүкіл агломерацияны төрт тараптан қосар еді, – дейді маман.
Сарапшылар еліміз жақсы қоғамдық көлік пен велосипед инфрақұрылымын дамытудың орнына Астананың ортасына алып жолайрықтар салып, Алматыда автобустарға басымдық бермей, Шымкентті шектен тыс жайып жібергенін айтады. Яғни, жоғарыдағы шешім қабылдаушылар бұл мәселені қайта қарауы қажет.
– Дубай немесе екінші Америка боламыз деген утопиялық идеялардың орнына тұрақты, экологиялық, арзан және климатқа бейімделген шешімдерге назар аудару керек. Финляндия мен Қазақстан 1917 жылға дейін бір Ресей империясының құрамында болды. Инфрақұрылымдық даму деңгейі екі бөлек, бірақ климаттық ұқсастықтарға қарамастан, біз екі түрлі жолмен кеттік. Хельсинки қаласы Астана мен Алматыға лайықты үлгі бола алады. Тампере – облыс орталығы деңгейіндегі қаланың тиімді транспорты. Ал тізімде жоқ Оулу – әлемнің солтүстік велосипед астанасы, ондағы арктикалық климат та мектеп оқушылары мен ересектерге жыл бойы велосипедпен жүруге кедергі емес. Біз сөз еткен осы Фин қалалары транспорт индексінің үздік 20 қаласына енеді, – дейді Әлихан Көшербаев.
Урбанистер көбіне қалалар мен елдердің экономикалық дамуы жақсы әрі жылдам қоғамдық көлікпен тікелей байланысты екенін алға тартты. Мәселен, АҚШ пен БАӘ қазір үлкен кептелістерге, семіздік пен экология проблемаларына тап болып отыр. Сондықтан біз оларды емес, Еуропаның денсаулыққа пайдалы үлгілерін негізге алғанымыз дұрыс. Бұл жағдайды көп мәселенің бірі ретінде ескерусіз қалдыруға болмайды.
– Сингапур мен Гонконг халқы мен экономикасы алып бола тұра, жылдамырақ қозғалады. Екі қалада да метро жүйелері өте тиімді. Олардың ұзақмерзімді стратегияларында жеке мобильділікке басымдық беріледі. Өкінішке қарай Қазақстан оны шектеуге, тарылтуға және тіпті жоюға тырысып отыр. Үкімет те, депутаттар да, азаматтар да велосипед пен автобусқа салқын қабақ танытып келеді. Сонда шынымен адамдар жұмысына тезірек барып, отбасымен көбірек уақыт өткізгісі келмей ме?! – деп түйіндеді сарапшы.
Маман сөзінің жаны бар, бір ғана мысал, еліміз электросамокат тақырыбына қатты шүйлігіп, оларға қатысты шектеуді күшейтуді ойлап отыр.
Алайда электросамокат та қоршаған ортаға аса зияны жоқ, барар жерге кептеліссіз тез жетуге мүмкіндік беретін құрал екеніне көбі зер салмайды. Бұл мәселені де алдағы уақытта қосымша қозғайтын боламыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
