Аikyn.kz. Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «ҚазСтандарт» екі жаңа ұлттық стандарт әзірледі, олар: СТ РК ISO 14068-1 «Климаттың өзгеруін басқару. Таза нөлге көшу. 1-бөлім. Көміртектік бейтараптық» және СТ РК IWA 42 «Көміртек бейтараптылығы жөніндегі нұсқаулық».

«Бұл екі стандарт халықаралық ISO 14068-1:2023 және IWA 42:2022 стандарттарымен бірдей. Олардың қабылдануы Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясында көзделген міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең болды. Сондай-ақ бұл стандарттарды қабылдау Қазақстанның жаһандық климаттық саясаттағы рөлін күшейтеді. Олар шығарындыларды жауапты басқаруға және ғылыми негізделген климаттық шешімдерді енгізуге негіз қалайды», – делінген министрліктің хабарламасында.

Жаңа стандарттар экологиялық және талдама­лық ұйымдар, қоршаған ортаны мони­торингі­леудің ұлттық және өңірлік орталықтары, эко­логиялық қауымдастықтар үшін бірыңғай тәсіл­дер мен қағидаттарды белгілейді. Енді олар пар­никтік газдар шығарындыларын басқарудың негізгі аспектілерін қамтиды, бағалау мен азай­тудан бастап, қалдық шығарындыларды өтеп, кли­маттық есеп жүргізіп отырады.

Стандарттарды іске асырған соң еліміз ұлттық MRV (бақылау, есептілік және валидация) жүйесін халықаралық тәжірибелермен үйлес­тіруге; климаттық деректердің ашықтығы мен анықтығын арттыруға; қазақстандық компания­лардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қа­білеттілігін нығайтуға; өнеркәсіпте төмен көмір­текті технологиялар мен инновацияларды енгізуге ықпал етуге мүмкіндік алады.

Бұл стандарттар мүдделі тараптардың, ғылыми ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтардың қатысуымен әзірленген.

М. ТӨЛЕУ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!