Енді елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты «мүгедек» емес, «мүгедектігі бар адам» термині қолданылатын болды.
Парламент мәжілісі мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасына сенат және мәжіліс депутаттары бастамашылық жасады. Осыған сәйкес 75 заңнамалық актіге, яғни 11 кодекс және 64 заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
«Жобаға мүгедек адамдарға қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар енгізіліп отыр. Оның ішінде, «мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен ауыстырылады», – деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, әлемдік тәжірибеде «рeople-first language» деген түсінік бар. Бұл алдымен оның адам баласы екеніне мән беріп, кейін ғана ауру-сырқаты жөнінде айтылуы қажет екенін білдіреді.
Сондай-ақ заң жобасына өзгерістер енгізу барысында депутаттар «соқыр», «саңырау», «мылқау» деген терминдерді «көру қабілетінен толық айырылған адамдар», «есту қабілетінен толық айырылған адамдар», «сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдар» деп, ал «мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы» деген терминді «мүгедектігі бар адамның абилитациясы және оны оңалтудың жеке бағдарламасы» деп өзгертті.
Сондай-ақ оңалту, мүгедектіктің алдын алу және осы бағыттағы атқарылып жатқан қызметтерді біріздендіру мақсатында «абилитация» түсінігі енгізілді.
Абилитация – медициналық реабилитациядағы ем-домның сапасын көтеру мақсатындағы әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек.
Аталған норма БҰҰ конвенциясына сәйкестендіріліп жасалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!