Қазақстан пойыздарында спутниктік интернет пилоттық жобасы басталады. Бұл туралы «Жолаушы тасымалы» компаниясының баспасөз қызметі жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін компания пойыздарында сымсыз интернетті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл үшін пойыздарда мультимедиялық қызметтерге арналған жабдықтар пайдаланылады. Жүйе OneWeb спутниктік технологиясын қолдана отырып қайта бапталады, ол мобильді спутниктік байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар, пилоттық жоба Тальго №3/4 пойызында жүзеге асырылады, ол Астана – Алматы маршруты бойынша жүріп өтеді.

«Бірінші кезеңде интернетке қосылудың техникалық мүмкіндігі, оның ішінде байланыс тұрақтылығы және барлық маршрут бойындағы орташа жылдамдық тексеріледі. Сондай-ақ, кондуктордың мобильді терминалы, қолма-қол ақшасыз төлемдер үшін POS-терминал, пойыз бастығының дене камерасы және бейнебақылау жүйесі тексеріледі. Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша спутниктік байланысты пойыздарда енгізу мерзімдері мен мүмкін көлемдері туралы шешім қабылданады», – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Компания пилоттық жобаның нақты іске қосылу күнін әзірге атамаған. Айта кету керек, 2024 жылы ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен 13,6 миллион жолаушы тасымалданды, оның ішінде жазда 4,2 миллион жолаушы болды. Ең танымал бағыттар: Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Алматы – Шымкент, Астана – Семей.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!