Фото: Pixabay.com

Қазақстан Ресейден импортталған автомобильдерге утильалым ақысын көтеруге дайындалып жатыр. Тиісті бұйрық әділет органдарында тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік бұл шара Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жағдайды теңестіруге және Қазақстан мен Ресей арасындағы утильалым ақысының мөлшерлемелеріндегі айырмашылықты жоюға бағытталғанын түсіндірді.

Тарифтер көлік құралдарының санаттары бойынша белгіленеді және Ресей тарифтерімен сәйкестендіріледі.

Дегенмен министрлік нарықтық бағалардың күрт өспейтінін мәлімдеді.

«Ресейден келетін автомобильдердің бағасы утильалым коэффициентінің өсуіне пропорционалды түрде өседі. Дегенмен жалпы нарықта бағаның күрт өсуі күтілмейді, себебі ресейлік автомобильдердің үлесі салыстырмалы түрде аз», – деді өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Министрліктің мәліметі бойынша, ресми сатылымдағы ресейлік автомобильдердің үлесі төмен: 2024 жылы 0,43% (883 көлік), 2025 жылы 1,31% (3088 көлік) және 2026 жылдың алғашқы екі айында 1,62% (447 көлік).

Ресейден импортталатын көліктердің негізгі бөлігі бюджеттік Lada модельдері (Granta, Vesta, Niva), сондай-ақ GAZ және KAMAZ коммерциялық көліктері.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!