Депутат, Мәжілістегі AMANAT фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Ақтау түбінде болған ұшақ апаты мен оны тергеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Ақтау қаласында құлаған Әзербайжан ұшағының апаты саясиланып, әлемдік БАҚ беттерінде көп талқыланып, түрлі пікірлер айтылған тақырыпқа айналды. Өйткені, депутаттың айтуынша, бұл апатқа Қазақстанмен шекаралас бірнеше елдің тікелей қатысы бар. Сондықтан, Бейсенбаев атап өткендей, жағдайдың күрделілігіне байланысты мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, апат бойынша әрбір қабылданатын шешім бұқаралық ақпарат құралдарында бүкпесіз таратылып жатыр.
«Тағы бір атап өтерлігі – тергеу амалдарына ешбір мүдделі мемлекеттер тарапынан қысымға жол берілмей, ол тек қана халықаралық талаптарға сай жан-жақты зерттелуде. Бұл – Қазақстанның мызғымас әрі нық ұстанымы. Оған дәлел – зардап шеккен мемлекеттердің саяси қысымына қарамастан, Қазақстан басшылығы Әзербайжан ұшағының қара жәшіктерін Бразилияның Әуе апаттарын тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) беру туралы шешім қабылдауы. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның дербес позициясы», – деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, бауырлас және көрші Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің арасындағы бейтараптықты сақтау мақсатында тергеу амалдарын әлем қауымдастығының сенімін тудыратындай мақсатта жүргізу – біз үшін басты орында екенін Президентіміз нақты көрсетті.
«Өйткені әлем көз тігіп отырған осы апат бойынша тергеуді әділ және озық халықаралық стандарттарға сай жүргізу еліміздің абыройы мен беделі үшін өте маңызды. Бұл – біздің іргелі ел ретіндегі бұлжымас қағидамыз», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!