Қазақстанда визасыз елдер тізімі кеңейтіліп, халықаралық рейстер саны артады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков мәлімдеді.
Ол 2022 жылы Қазақстан 74 ел үшін және қосымша Үндістан, Қытай және Иран азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтіргенін атап өтті. Сондай-ақ 113 бағыт бойынша 28 елмен халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді.
Спикердің айтуынша, туристердің санын арттыру үшін министрлік келесі шараларды қабылдауды жоспарлап отыр:
- Қазақстанға кіру үшін визасыз елдер санын 100-ге дейін ұлғайту;
- Ресей, Моңғолия, Қытай, Үндістан және Франция бағыттары бойынша қосымша әуе рейстерін ашу.
Дастан Рыспеков пандемия кезіндегі екі жылдық үзілістен кейін туристік сала қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
«Ішкі туризмнің негізгі көрсеткіштері екінші жыл қатарынан өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер санының рекордтық көрсеткіші тіркелді, ол 6,9 млн адамды құрады, бұл пандемияға дейінгі кезеңнен де жоғары. 2022 жылдың жарты жылдығының деректері 1,3 млн келушілерді құрап, өткен жылдың қорытынды деректерімен теңесті. Жыл соңына дейін шамамен 2,5 млн келуші болады деп болжап отырмыз. Биылғы жылдың алты айында қонақ үйлер қызмет көрсеткен шетелдік туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе жоғары», деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!