фото: Stan.kz
2026 жылғы Жаһандық терроризм индексінің (GTI) мәліметтерінше Қазақстан терроризм деңгейі бойынша әлемдегі ең қауіпсіз елдердің қатарына кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл да Қазақстан азаматтары үшін қауіпсіздік деңгейі жоғары болып отыр. GTI деректеріне сәйкес, ел тағы да 0.000 көрсеткішін алған. Бұл террористік қауіптің жоққа жақын екенін білдіреді. Қазақстанмен қатар мұндай нөлдік көрсеткішті Қырғызстан, Түрікменстан және Молдова да алды.
«Қауіпсіздіктің жоғары деңгейі қауіптердің алдын алу жүйесі, күштік құрылымдардың жұмысы және халықаралық ынтымақтастық арқылы қамтамасыз етіледі. Елде әуежайлар, теміржол тораптары мен энергетикалық нысандар сияқты стратегиялық маңызды объектілер заманауи технологиялар арқылы бақыланады. Қауіпсіздік органдары төтенше жағдайларға жедел әрекет ету бойынша тұрақты түрде жаттығулар өткізіп, ШЫҰ мен ҰҚШҰ аясында көрші елдермен бірлескен операциялар жүргізеді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, елде радикалданудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Мектептер мен университеттерде қауіпсіздікке қатысты бағдарламалар іске асырылып, жастарға интернеттегі жалған ақпарат пен экстремистік идеяларға қарсы тұру үйретіледі. Бүгінде Қазақстан өңірдегі ең қауіпсіз елдердің бірі болып қала береді және мемлекет қауіпсіздік шараларын күшейтіп, халықтың хабардарлығын арттыруды жалғастырып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!