Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл қателік жасаған, бірақ өкініп, өзінің мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты біздің мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрінісі», – дейді Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан.
Рақымшылық жасалатын қылмыс санаттары
Бірінші санат – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:
- қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар,
- зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған, не оны толық өтеген адамдар,
- залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату.
Екінші санат – қылмыстық істерді, оның ішінде осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауапқа тартылатын адамдар жасаған қылмыстар туралы соттар қарамаған істерді тоқтату.
Үшінші санат – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту.
Сонымен қатар, заң жобасында бірқатар новеллалар бар:
- сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алғаны немесе ысырап еткені, немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады.
- қылмысқа қарсы күресті күшейту аясында қылмыстық құқықбұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қою.
40 мың адамның 15 мыңы рақымшылыққа ілігеді
Абзал Құспанның айтуынша, қазір қылмыстық-атқару жүйесінің 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам отыр. Олардың ішінде 33 мыңы сотталған және 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар. Бұдан бөлек, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.
«Алдын ала есептеулерге сәйкес рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында отырған 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам – барлығы 15 мың адам қамтылады. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған – барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Одан бөлек, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет: депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінезделетін 1700-ден астам сотталған азамат босап шығады», – деді Құспан Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар 5,4 мың сотталған адамның және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамның жаза мерзімі саралап қысқартылады. Жазаның өтелмеген мерзімдерін қысқарту 11 мың адамды қамтиды. Рақымшылыққа әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам ілігеді, олардың 57-сі босатылады және 572 адамға мерзім қысқартылады.
Қанша әйел түрмеден босайды
«Рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге де қатысты (2704-і рақымшылыққа ілікпейді), оның ішінде 109-ы босатылады және 724-і мерзімі қысқартылады», – деді Абзал Құспан.
Айта кетері, рақымшылық аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
«Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды. Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, рақымшылық жасамау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды», – деп толықтырды депутат.
Рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайды.
Рақымшылық бюджетті үнемдейді
Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылық сотталғандарға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Күніне 22,5 млн теңге бюджет қаражаты үнемделмек. Қазір 1 сотталғанға жұмсалатын жалпы шығын – 2900 теңге, тиісінше жылына 4,8 млрд теңге.
Рақымшылық аясында үнемделген бюджет қаражаты қылмыстық атқару жүйесін қаржыландыруға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, оның ішінде камералық түрмелерге көшуге бағытталмақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!