Фото: Massaget.kz
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда А гепатитімен сырқаттанушылықтың өсуі тіркелгенін хабарлады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«2024 жылдың басынан бері елде жіті А вирустық гепатитінің 850 жағдайы тіркелген, бұл былтырғымен салыстырғанда 1,9 есе жоғары. А вирустық гепатиті лас су, ластанған тағам және науқаспен байланыста болғаннан кейін кір қол арқылы беріледі», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, аурудың белгілері – дене температурасының жоғарылауы, бастың ауруы, тәбеттің төмендеуі, енжарлық, жүректің айнуы, құсу. Инкубациялық кезең – 14-тен 35 күнге дейін.
ДСМ мәліметінше, А гепатитімен ауыратын науқас симптомдар пайда болғанға дейін 2 аптада және бір аптадан кейін басқаларға жұқпалы болады.
Вакцинациялауға жатады:
- екі жастағы балалар;
- инфекция ошақтарындағы байланыстағы адамдар.
Қалай сақтануға болады:
- тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін, жұмыстан оралғанда, серуендегенде қолыңызды жуыңыз;
- ашық су қоймаларынан қайнатылмаған су ішпеңіз және онымен жемістер мен көкөністерді жууға болмайды;
- ластанған су айдындарында шомылуға болмайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!