Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, министр авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов пен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың кездесуі өтті, деп жазады Zakon.kz.

Кездесу барысында тараптар әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және «Әскери баспана» жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасын қайта жандандыру мәселелерін талқылады.

Министр жеке құрамның әлеуметтік әл-ауқаты Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, ол «Отбасы банк» мобильді қосымшасының жұмысына қатысты мәселелерді жедел шешкені үшін Ләззат Ибрагимоваға алғысын білдіріп, оның қызметін тезірек қалпына келтіруге үміт артты.

Кездесу барысында министр «Баспана.кз» сайтында жарияланған жаңа талаптарға да назар аударды. Олар әскери қызметшілер үшін жалдамалы тұрғын үй рәсімдеуде қосымша қиындықтар туғызуда.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі «Әскери баспана» бағдарламасын қайта іске қосу болды. Дәурен Қосанов бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Әскери қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазіргі уақытта ондай мүмкіндік жоқ, ал тұрғын үй бағасының өсуінен бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін емес», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Министрдің айтуынша, 15 мыңнан астам әскери қызметші отбасы тұрғын үй төлемдері жүйесі мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде «Әскери баспана» арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартқан.

Сондай-ақ, ол бұрынғыдай екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынды. Себебі көптеген әскери қызметшілер жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған, қызмет орнына жақын орналасқан пәтерлерді қалайды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әскери қызметшілер үшін өзекті тұрғын үй мәселелерін бірлесе шешуге дайын екендігін растады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!