Фото:Ақорда
KAZINFORM — Осы апта еліміздің орталық атқарушы органдарында, сондай-ақ спорт саласында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Мемлекет басшысының өкімімен Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ержан Хозеұлы Қазыханға Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президенті Өкілінің міндеттері жүктелді.
Ержан Қазыхан 1964 жылғы 21 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты. Дипломатиялық қызметін 1989 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Протоколдық-саяси бөлімінің екінші хатшысы ретінде бастады.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежеге ие. Ағылшын және араб тілдерін меңгерген.
Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Нұржан Асқарұлы Тұрсынханов жаңа қызметке тағайындалды.
Ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына келді.
2003 жылы Ноттингем Университетін«экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2019 жалдын бері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Монетарлық операциялар департаментінің директоры қызметінде болды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының өкімімен Қаныш Асанханұлы ӘбубәкіровҚазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды.
Қ. Асанханұлы 1977 жылы 12 ақпанда Түркістан облысында дүниеге келген.
Атап айтқанда, Тұрар Әлімжан Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры қызметіне тағайындалды.
Тұрар Қамбарұлы Әлімжан — «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританиядағы University of Southampton университетін «электроэнергетика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «KEGOC» АҚ-да жабдықтарды жөндеу жөніндегі электрослесарь болып бастап, кейін құрылыс саласында және мемлекеттік қызметте жалғастырған.
Энергетика министрлігінде Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінде бас маман қызметінен бастап, Электроэнергетиканы дамыту департаментінде басшылық лауазымдарға дейін қызмет атқарды.
Таяуда, директорлар кеңесінің шешімімен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы лауазымына Талғат Ғазизов тағайындалды.
Т. Ғазизов 1986 жылғы 21 қазанда Астана қаласында дүниеге келген. Ол Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Майами университетін тәмамдаған.
Спорт саласына тоқталсақ, Алмас Өтешовауыр атлетикадан Қызылорда облысы ересектер құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Қазірге дейін ол басқармаға қарасты «Мұз айдыны» мекемесінде әдіскер, «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы» КММ директорының орынбасары қызметін атқарды.
Тәжірибелі маман енді облыста ауыр атлетика спорт түрін дамытуға күш салады. Сондай-ақ спортшылардың тұрақты түрде әлемдік додаларға қатысуына, жалпы нәтижесіне жауапты болады.
Мұнымен қоса, Қазақстан бокс федерациясы президентінің бұйрығымен Қайрат Сәтжанов ҚБФ жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Қайрат Сәтжанов — ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, әр жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарған. Жуырда бокс федерациясы Қ.Сәтжановтың денсаулығына байланысты Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы қызметінен босатылғанын хабарлаған болатын.
Бұл аптада Рикардо Камара Собрал (Какау) футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері болып тағайындалды.
Ол бұған дейін 2013-2018 жылдар аралығында футзалдан Қазақстан құрамасын жаттықтырған. Ұлттық құрама білікті маманның жетекшілігімен 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдесін иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер құрамында тағы да өзгеріс болды. Дінмұхамбет Сүлейменов бас бапкердің ассистенті қызметіне тағайындалды.
Дінмұхамбет 1981 жылы дүниеге келген. Кәсіби мансабында 20 жылдан астам уақыт бойы еліміздің түрлі клубтарында ойнады. Оның ішінде 10 жылға жуық алматылық «Қайрат» командасының намысын қорғады.
Ал «Ertis» футбол клубы командасының бас бапкері болып Беларусь маманы Кирилл Альшевский тағайындалды.
Тәжірибелі маман әр жылдары «Рух», «Лиепая», БАТЭ, РУОР, «Динамо Минск» секілді клубтарда, сондай-ақ Беларусь жастар құрамасының құрылымында қызмет атқарды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!