Қазақстанның Энергетика министрлігі (ЭМ) өткен аптада әлеуметтік желілерде тараған бензин бағасының күрт өсуі туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таралған мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 21 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер басшыларының Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы өткен. Онда мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру жөнінде келісімге қол жеткізілгені айтылған.

Келісім 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, содан кейін Қазақстандағы жанармай бағасы ЕАЭО-ға мүше басқа елдердегідей деңгейге жетеді деген пікір тараған.

Алайда Энергетика министрінің кеңесшісі әрі ресми өкілі Әсел Серікпаева 2026 жылғы 12 қаңтарда бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, қазіргі уақытта Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге мораторий қолданыста екенін атап өтті.

«Бұл шара инфляцияны тежеу мақсатында енгізілді. Жанармай бағасының күрт өсуі күтілмейді, жағдай мемлекет бақылауында», – деді ол.

Ол 2027 жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.

«Мәселе заңнаманы үйлестіру туралы болып отыр, ал бағалардың басқа елдермен бірден және автоматты түрде теңестірілуі сөз болып отырған жоқ. Кез келген интеграциялық үдерістерде ұлттық мүдде мен Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы басты басымдық болып қала береді», – деді Әсел Серікпаева.

Сонымен қатар ол нарықтың объективті факторларын да ескермеуге болмайтынын айтты.

«Көршілес елдермен баға айырмасының тым үлкен болуы «сұр» экспорт қаупін тудырады, яғни арзан жанармай заңсыз түрде сыртқа шығарылуы мүмкін. Бұл ішкі нарықта жасанды тапшылыққа әкелуі ықтимал», – деді ол.

Бұдан бөлек, министрлік өкілінің айтуынша, қазіргі төмен бағалар инвестиция тарту мүмкіндігін шектеп отыр. Ал саланы дамыту үшін Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге, сондай-ақ төртінші жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға қаражат қажет.

«Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық бағаға көшу біртіндеп жүзеге асырылады. Барлық шешімдер нақты экономикалық жағдай мен халықтың табыс деңгейін ескере отырып қабылданады, тұтынушылар үшін күрт соққы болмауы тиіс», – деп түйіндеді Әсел Серікпаева.

Еске салайық, 2025 жылғы 16 қазаннан бастап Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге инфляция тұрақтанғанға дейін мораторий енгізілген.

Ал 22 қазанда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл мораторий 2026 жылдың көктеміне дейін жалғасатынын нақтылаған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!