Қазақстанда биылғы астық көлемі 24 млн тоннаға жетуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлімдеді.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде күтілуде. Министрдің айтуынша, бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта республика бойынша жаппай егін жинау науқаны жүргізілуде, ал оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Үкімет тарапынан жеңілдетілген қаржыландырудың қажетті жағдайлары жасалып, қолайлы ауа райының арқасында вегетациялық кезең сәтті өтті. Жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды, оның ішінде 16 млн гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, егін жинау жұмыстары уақытылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүргізілуде.

Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы егін жинау алаңының 63,7%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды. Бұл ретте, астықты теңіз порттарына экспорттау кезіндегі шығындарды өтеуге субсидиялау мерзімін ұзарту – астықты жаңа нарықтарға шығаруға ықпал етеді, – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!