Қазақстанда табысын өтірік көрсетіп, көбірек декреттік төлем алғысы келген 113 әйелге қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,4 млн адамға 958 млрд теңге сомасына төлем жасалды. Қазақстанда тек бір ғана әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеу жоқ – бұл жүктілік және босануға қатысты төлемдер. Сондықтан жекелеген азаматтар жасанды түрде көп төлем алу үшін заңнамадағы олқылықтарды іздейді. Ал, бұл осы жүйеге адал қатысып отырған адамдардың әлеуметтік аударымдарын қайта бөлуде әділетсіздікке әкеп соқтырады», – дейді Жақыпова.
Дереккөзге сүйенсек, Қазақстанда осындай артық төлем алғысы келген 113 адамға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. Олар мемлекетке 158,4 млн теңге залал келтірген. Ал, 1,5 мыңға жуық келіншек табысын артық көрсеткенін мойындап, сақтандыру қорындағы 3,4 млрд теңгені үнемдеген. Қазір министрлік осы бағыттағы заңға бірқатар өзгерістер пакетін әзірлегені белгілі болып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!