Қазақстанда дүкендер мен супермаркеттерде ішімдік сатуға тыйым салу ұсынылды. Үкімет сағатында ІІМ басшысы Ержан Саденов осындай мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің сөзінше, алкоголь – елдегі криминоген жағдайға әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Шенеуніктің айтуынша, жыл сайын мас күйде 10 мыңға дейін қылмыс жасалады.

ІІМ ішімдікті интернет арқылы сатуға толық тыйым салуды ұсынды. Одан бөлек:

  • ішімдікті тек арнайы дүкендерде сату («алкомаркеттерде»);
  • лицензия беру ережелерін қатаңдату және олардың санын шектеу ұсынылды.

ІІМ басшысы ойын-сауық орындарына арналған шектеу туралы да айтты:

«Ойын-сауық орындарында ішімдік сату уақытын шектеу қажеттілігі туындады. Мұндай нысандарда мас күйде 1 400-ден аса қылмыс жасалған, оның ішінде үшеуі – кісі өлтіру».

Алайда, Ержан Саденовтың айтуынша, кейбір мемлекеттік органдар бүгінде бұл тәсілдерді қолдамайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!