Қазақстан eGov.kz-тің жаңа моделіне көшеді. Жаңа нұсқа туралы мәліметтерді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан eGov-тан бас тарта ма?
Жақында БАҚ-та Қазақстан eGov-тан бас тартатыны, ал оның орнына мемлекеттік қызметтерді жаңа платформа – QazTech көрсететіні туралы ақпарат пайда болды. Ведомство басшысы Жаслан Мәдиев бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Министрліктің Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, бұл порталды жабу немесе одан бас тарту туралы әңгіме қозғалып отырған жоқ.
«Электрон үкімет порталы eGov.kz азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі құралы болып қала береді. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электрон форматта қолжетімді және eGov.kz бұл жүйеде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, Қазақстанда электрон үкіметтің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыс істеліп жатыр. Осы жұмыстар шеңберінде QazTech жаңа технологиялық платформасы енгізіліп жатыр, ол жаңартылған eGov 3.0 порталын дамыту үшін негіз болады», – деп жазылған ведомство жауабында.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін осындай іс-шаралар жасалып жатыр. Десе де қазақстандықтар қызметтің бұрынғы форматынан әлі де бас тартпаған.
«QazTech платформасын құру және eGov 3.0-ді енгізу Қазақстанға неғұрлым заманауи технологияларға көшуге, мемлекеттік қызметтердің жұмыс жылдамдығын арттыруға, кибершабуылдарға тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жаңа цифрлық қызметтерді жылдам іске қосуға мүмкіндік береді», – деп толықтырды ведомство өкілдері.
«Жаңа eGov»-қа қашан көшеміз?
Қазір порталдың жаңа нұсқасы – eGov 3.0 жасақталып жатыр. Бейінді министрліктің мәліметтері бойынша жоба азаматтар мемлекеттік қызметтерге үздіксіз қол жеткізуі үшін кезең-кезеңімен іске асырылады.
«2025 жылдың өзінде-ақ eGov 3.0 жаңартылған компоненттерін енгізу басталады, олар біртіндеп қолданыстағы жүйеге біріктіріледі. 2026 жылдың ішінде толық көшу аяқталады деп жоспарланып отыр», – деп жазылған жауапта.
Министрлік мәліметінше, қазақстандықтар бұрынғы порталды пайдалана бере алады, олар тек портал жұмысы, дизайны, қызметтердің жылдамдығы жақсарғанын көреді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!