Елімізде шетелдің маркетплейстерінен алынған онлайн тауарлар да декларациялануы мүмкін. Бұдан бұлай сайт арқылы тапсырыс беретін қазақстандықтар әр заттың құнын, салмағын, сипаттамасын көрсетуі тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы жылдары елімізде онлайн саудаға деген сұраныс айтарлықтай өскен. Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, былтыр электронды коммерция 12,7% артып, 3 трлн теңгеге жеткен. Сондықтан үкімет өзге елден келіп жатқан тауардың нақты көлемін анықтап, бақылауды күшейтпек.
Шағын кәсіпкер Ұлбала Әбіл министрліктің бұл бастамасын құптамайды. Оның сөзінше, декларацияны міндеттеу саудагерлерді шығынға батырады.
“10 мың, 15 мың теңгенің затына тапсырыс берген болып көрінгенмен, оны клиенттер сұрайды. Яғни, бұл – клиенттердің тапсырысы. Қызметіміздің үстінен 5-7 мың ғана қосамыз. Ал декларацияны клиент емес, біз тапсырамыз. Сонда бізге салық көбейеді. Сәйкесінше, біз сол нәрседен нәпақа тауып отырғаннан кейін үстінен пайда көруіміз керек. Сол үшін салықты өтеу үшін тауардың бағасын көтеруге мәжбүр боламыз”, – деді кәсіпкер Ұлбала Әбіл.
Ұлттық экономика министрлігі қоғамдық талқылауға шығарған құжатта шетелдік сайт арқылы тапсырыс беретін қазақстандықтар әр заттың құнын, салмағын, сипаттамасын көрсетуі тиіс делінген. 16 жасқа толған азаматтар электрондық сауда тауарларының декларанаттары болады. Алайда декларацияны қашан және қалай тапсыратыны белгісіз.
“Ұлттық экономика министрлігі «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын орналастырды. Бұл бастама шетелдік сайттарда сатып алынатын тауарлардың толық статистикасын жасауға және электронды коммерция нарығының ашықтығын арттыруға сеп болады. Сондай ақ бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді”, – деп мәлімдеді Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Әзірге жоба 26 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды. Қолдау тапса, келер жылы күшіне енеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!