16 қыркүйектен бастап елімізде жүргізушілердің мастығын тексеру ережелері жаңарып, бұл талаптар жаяу жүргіншілерге де қатысты болмақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

29 тамызда «НҚА-ның эталондық бақылау банкі» порталында Ішкі істер министрлігінің жаңа бұйрығы жарияланды. Құжатта «Жол қозғалысына қатысушыларды мас күйінде болуына тексеру тәртібі» айқын көрсетілген.

Егер бұрын тексеру тек көлік жүргізушілері мен шағын көлік құралын басқарушыларға қатысты болса, енді оған жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілері де енуі мүмкін. Дегенмен, олар анық мас күйінде болған жағдайда қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз.

Жаңа ереженің талаптары:

  • Тексеруге жолдама электронды түрде рәсімделеді.
  • Куәгерсіз тексеру жүргізуге болады, бірақ міндетті түрде видео немесе аудио жазба жасалуы тиіс.
  • Адамның жазбаша келісімі қажет.
  • Егер тексерілуші куәгерсіз рәсімге немесе нәтижеге келіспесе, ол мемлекеттік медициналық мекемеге жіберіледі.

Жаза түрлері (көлік жүргізушілеріне):

  • Мас күйде көлік жүргізсе – 15 тәулікке қамау, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру;
  • Егер біреуге зиян келсе – 20 тәулікке қамау, куәліктен 7 жылға айыру;
  • Қайталанса – 25 тәулікке қамау, куәліктен 9 жылға айыру.

Кейбір жүргізушілер жазаны жеңілдетуді сұраған болатын. Депутаттар да бұл бастаманы қолдады. Алайда ІІМ ұсынысты қабылдамады. Осылайша, жаза өзгеріссіз қалады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!