Елімізде есірткі өндірушілерге қатысты ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы бар. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жеке тоқталып өткім келеді. Осы жылдың басынан бастап есірткі өндірушілерге қатысты заң күшіне енді. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жазаны көздейді, – деді Қуандық Әлжанов.

Сарапшы атап өткендей, бұл шара – мемлекет тарапынан есірткі бизнесіне қарсы күрестің барынша қатаңдатылғанын көрсетеді.

2024 жылы полиция 29 есірткі зертханасын жойып, 419 кг синтетикалық есірткі тәркілеген. Ал 2025 жылдың 9 айында – 12 зертхана жойылып, 1 тоннадан астам синтетикалық есірткі алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Егер 1 граммнан үш доза алынатынын ескерсек, шамамен 3 миллион доза заңсыз айналымға түспей қалды. Бұл – мыңдаған адамның өмірі мен тағдыры сақталып қалды деген сөз, – деді Әлжанов.

Биыл ұзақ мерзімді жедел жұмыстар нәтижесінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, оның ішінде 3-еуі трансұлттық деңгейде әрекет еткен.

76 адам ұсталды, оның ішінде:

  • 16 – топ жетекшісі,
  • 60 – белсенді қатысушы.

Сондай-ақ 24 тоннаға жуық химиялық заттар тәркіленді, оның ішінде 17 тонна прекурсорлар мен түрлі реактивтер мен құрылғылар бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!