Енді ипотекаға үй алу қиындай түседі. Өйткені, қаржы нарығын реттеу агенттігі ипотекалық несие беру талаптарын қатаңдатқалы отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Яғни, жаңа ережеге сәйкес, несие тарихы 3 жылға жетпейтін, сондай-ақ, төлемін 30 күнге кешіктірген тұрғындар жоғары тәуекелді қарыз алушы болып саналады. Сәйкесінше, банктер кредит беруден бас тартуы мүмкін. Несиесін уақытылы төлемейтін тұтынушы баспаналы болу мүмкіндігінен де айырылуы ықтимал. Өйткені, банктер кредитін кешіктіріп өтейтін тұлғаларды қарызды қайтармау ықтималдығы жоғары клиенттер қатарына қосады. Яғни, үй алуға ниетті адам ипотекаға өтініш тастағанымен, ойындағы оң жауапты ала алмайды.

Бұл кісінің құқын шектеу дейді тұрғындар. Пікірлерінше, қазірдің өзінде банктердің қарыз беру талаптары тым қатаң. Біз тілдескен тұрғындардың тілегі осы. Олар, керісінше ипотекалық несие беру талаптарының жеңілдетілгенін қалайды.

Ал, қаржы нарығын дамыту агенттігі ережені одан әрі қатаңдатқалы отыр, Яғни, енді кейінгі бір жыл ішінде сомасы 11 796 теңгеден асатын төлемін 30 күнге кешіктірген, несие тарихының мерзімі 3 жылға жетпейтін, бір емес, бірнеше қаржы ұйымында өтелмеген борышы бар адамдар жоғары тәуекелді қарыз алушы санатына енеді. Сондай-ақ, тұрақты табысы жоқ не айлық кірісінің 45 пайызын несиесін төлеуге жұмсайтын ел де ипотекадан қағылады.

“Сондай-ақ қаулы жобасында жеке тұлғалардың өмірлік мән-жайларын бағалауға байланысты олардың берешегін реттеу бойынша кредиттік шешімдер қабылдаудың ішкі тәртібінің болуына қойылатын талаптар күшейтіледі”, – дейді қаржы нарығын реттеу агенттігінің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов. 

Агенттік өкілдері банк бұл санатқа енгізілген адамның төлем қабілетін алдын ала бағалайды деді. Ал, егер тәуекел деңгейінің бастапқы көрсеткіші 5 пайызға көтерілсе, бақылау күшейтілмек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!