2025 жылғы 10 қыркүйекте Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) жеті әуе кемесінің пайдаланылуы тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚАӘ соңғы уақытта жеңіл әуе кемелерінің қатысуымен әуе оқиғалары жиілеп кеткенін еске салды.

25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның алдын ала қорытындысы көлік вице-министрі Талғат Ластаев өткізген кеңесте айтылды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларының 31 әуе кемесіне тексеру жүргізіп, азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталмағанын анықтады. Нәтижесінде 7 жеңіл ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі заңнамада белгіленген өкілеттіктер аясында ЖМА операторларының қызметіне, оның ішінде жеке тұлғалардың заңсыз ұшулар туралы өтініштері бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға мониторинг жүргізу арқылы жұмысты жалғастыруда.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram)»эксклюзив», «экскурсия» және басқа да рейстерге арналған жарнамалар жиілеп кетті, ал олардың көпшілігінде арнайы рұқсаттар жоқ.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ақылы немесе жалдамалы әуе тасымалдарын, авиациялық жұмыстарды орындауға тыйым салынғанын ескертеді. Талаптарды бұзған операторлар заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!