Автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісіне оның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін бірегей DMC код салынады. Бұл туралы Қазақстан стандарттау және метрология институтының баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР СТ 986-2022 стандарты 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Онда бұрмалаудан (қолдан жасаудан) қорғау үшін нөмір белгілерінде арнайы және қосымша элементтер болуы тиістігі туралы талаптар жазылған.

Стандарт мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілеріндегі қаріптерге, сандарға және қорғаныс элементтеріне қойылатын техникалық талаптарды біріздендіруді қамтамасыз етеді.

«Қосымша қорғаныс элементтеріне полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірлердің түпнұсқалығын тексере алатын бірегей DMC код салу да жатқызылды. Арнайы қорғаныс элементтерін нөмір белгісінің бетінен химиялық құралдармен немесе физикалық жолмен алып тастау мүмкін емес және нөмір белгісінің бүкіл пайдалану мерзімі ішінде сақталуы тиіс», – делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Ведомство мәліметінше, жаңа стандарттың қолданысқа енгізілуі автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін дайындау бағасына әсер етпейді, сонымен қатар бюджеттен қосымша шығын болмайды.

Стандартты ішкі істер министрлігінің «Ақпараттық-өндірістік орталық» РМК-сі әзірлеп, Cауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты ҚазСтандартта сараптамадан өткен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!