2025 жылдың басынан бері Қазақстанда маникюр мен педикюр қызметтері бұрын-соңды болмаған қымбаттауды көрсетіп отыр. Бағаның ең тез өсуі Алматыда байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DataHub арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәуір айында маникюрдің бағасы наурызбен салыстырғанда 4,4% қымбаттаған. Бұл, кем дегенде, 2011 жылдан бергі ең жоғары айлық өсім болып отыр. Ал педикюр одан да қарқынды қымбаттады: еліміз бойынша бір айда бірден +8,2%. Бұл қызмет бойынша деректер 2021 жылдан бері жинала бастады. Сондықтан қазіргі өсім – бүкіл бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Екі қызмет түрі бойынша да Алматыда баға күрт өскен. Маникюр бағасы наурызға қарағанда 21,1%, ал педикюр, тіпті, 42,9% өсіп кетті. Осы сәуірдегі өсім қаланың жылдық динамикасын айқындап берді: маникюр +23,1%, педикюр +48%.

Қазақстанда маникюр мен педикюр бағасы күрт өсіп, рекордтық көрсеткіш тіркелдіФото: DataHub

Айта кетейік, Қазақстан бойынша жалпы жылдық өсім де жоғары. Мысалы, маникюр 19%, педикюр 19,8% қымбаттаған.

Қызығы, дәл осы уақытта маникюр мен педикюрге арналған құрал-саймандар импорты азайып барады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша импорт көлемі тоннамен де, доллармен де шамамен екі есе қысқарған. Ал 2025 жылдың алғашқы екі айында физикалық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29%, ақшалай есепте 61% төмендеген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!