Қазақстанда міндетті мектеп формасын алып тастау туралы басталған петиция екі апта ішінде 145 мыңнан астам дауыс жинады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл үкімет қарауына жолдану үшін қажет 50 мыңдық межеден үш есе көп.
Петиция авторларының айтуынша, форма енгізу кезінде билік оқушылар арасындағы теңдікті нығайту мен тәртіпті сақтау мақсатын көздегенімен бұл нәтиже бермей отыр. Керісінше, форма отбасыларға қаржылық ауыртпалық түсіреді: бірінші сынып оқушысына арналған жиынтық 80–100 мың теңге тұрады, бұл орташа жалақының үштен біріне тең. Кей отбасылар несие алуға немесе негізгі қажеттіліктерден бас тартуға мәжбүр. Сонымен бірге, мектептерда баға қымбат, ал сапасы төмен болуы мүмкін.
Петицияда форма киюдің оқу үлгерімін арттыруға немесе буллингтіазайтуға әсері дәлелденбегені айтылған. Сондай-ақ өзін-өзі білдіру еркіндігінің шектелуі, сапасыз маталардың жайсыздығы, физикалық белсенділіктің төмендеуі және мұғалімдердің киімді бақылауға уақыт жұмсауы да проблемалар қатарында көрсетілген.
Авторлар міндетті формадан бас тартып, оқушыларға ыңғайлы әрі қолжетімді киім киюге мүмкіндік беретін, бірақ іскерлік стильді сақтайтын дресс-код енгізуді ұсынады. Осылайша формаға жұмсалатын ресурстарды білім сапасын арттыруға және инклюзивті орта құруға бағыттау керек дейді олар.
Ал Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптар заңмен бекітілгенін және барлық оқушылар үшін міндетті екенін мәлімдеді. Ведомство бірыңғай форма теңдік пен тәртіпті қамтамасыз етеді деп есептейді.
Сонымен қатар министрлікке бұл петиция ресми түрде түспегені айтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!