Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев
Қазақстанда мопедтер міндетті мемлекеттік тіркеуден өтіп, ал оның иелері жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі. Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат депутаты Евгений Больгерттің айтуынша, заңдағы басты жаңашылдық – мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеу нормасы.
«Қолданыстағы норма бойынша ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мопедтер тіркеуге жатады. Ал қаралып отырған заңға сәйкес барлық мопед (қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын) тіркеуге жатады», – деді ол сенаттың жалпы отырысында.
Мопедті басқару құқығы «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады, «А» және «В» санаттарының болуы да мопедті басқару құқығын растайды.
Мопедтерді мемлекеттік тіркеуге қатысты нормалар заң алғаш ресми жарияланған күннен кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Бұдан бөлек «Жол жүрісі туралы» заңға «орташа жүру жылдамдығы» деген ұғым енгізілді. Орташа жылдамдық автокөлік жүріп өткен халықаралық, республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар учаскесінің ұзындығын осы қашықтықты жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы анықталады.
«Осы ұғымды енгізу сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары орнатылған жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдық режимін асыру салдарынан болатын жол апаттарының санын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Больгерт.
Орташа жүру жылдамдығы айналмалы жолдары жоқ қала сыртындағы және түзу сызықты учаскелерде автоматты түрде есептеледі.
Депутаттардың айтуынша, «орташа жылдамдықты» автоматты түрде камералармен өлшеу практикасы Еуропаның бірқатар елінде (Франция, Ұлыбритания, Ирландия, Бельгия, Нидерланды, Швеция, Норвегия, Австрия, Италия) сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Сенат заңды екі оқылымда мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!