Sputnik. Қазақстанда алғаш рет педагогтерге арналған психологиялық қолдау кабинеті ашылды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтердің тұрақты кәсіби дамуына, менталдық саулығына қамқорлық жасауға бағытталған маңызды бастаманы іске қосты. Түркістан және Ақтөбе облыстарының орталық филиалдарында алғаш рет педагогтерге арналған психологиялық қолдау кабинеті ашылды.
«Пилоттық жоба мұғалімдердің менталдық денсаулығын қолдауға, кәсіби күйзелістің алдын алуға және стрессті басқаруға мүмкіндік береді», – дейді ведомстводағылар.
Кабинетте кәсіби психолог жеке және топтық кеңес өткізеді. Релаксация мен арт-терапия сабақтарын ұйымдастырып, түрлі тренингтер мен психологиялық диагностика жүргізеді.
«Жұмыс барысында этикалық нормалар, еріктілік және құпиялылық қағидаттары қатаң сақталады. Алдағы уақытта осындай кабинетті еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр», – дейді министрліктегілер.
Бұл қызметтерді педагогтер кез келген уақытта барып ала бермейді. Оның қызметін «Өрлеу» орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өту кезінде пайдалана алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
