Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде 10 жаңа су қоймасы салынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысы тұрғындарымен өткен есептік кездесуде вегетациялық кезеңнің қорытындысын шығарып, өңірдегі негізгі жобалар туралы айтты.

2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, облыста 10 жаңа су қоймасын салу және бар үш су қоймасын қайта жаңарту көзделген. Сондай-ақ мамандар 45 гидротехникалық нысанды тексеруден өткізеді.

2026 жылы министрлік Ақмола және Қалғұтты су қоймаларының құрылысын бастап, Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоныз су қоймаларын қайта жаңартуды қолға алады. Ал облыс әкімдігі жеті жаңа нысанға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр.

Жергілікті тұрғындар министрге суару арналарды жөндеу мәселесін көтерді.

“Бес ауданда ұзындығы 415 шақырым болатын 76 арнаны жаңарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл 24 мың гектардан астам суармалы алқапқа су жеткізуді жақсартады”, – дейді Нұржан Нұржігітов.

Бұған қоса, суару арналарының реконструкциясына қатысты 23 жоба аяқталуға жақын. Нәтижесінде тағы 19,7 мың гектар егістік жер сумен қамтамасыз етіледі. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 103 шақырымнан асатын бес жобаны аяқтау жоспарланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!