Қазақстанда құрылыс компанияларына бақылау күшейтіліп, үлестік құрылыс нарығының ашықтығы артуда. Бұл туралы «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» төрағасы Алтай Күздібаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Күздібаевтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап үлестік қатысу шарттары бойынша барлық төлемдер қолма-қол ақшасыз форматқа көшірілді. Олар «Қазреестр» жүйесіне қосылған екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Яғни, сатып алушылардың қаражаты ресми банктік бақылаудан өтеді. Ал бұл алаяқтық пен ашық емес мәмілелер жасау қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Сонымен қатар, жақын арада цифрландырудың келесі кезеңі жоспарлануда.

Сәуір айынан бастап біз үлестік қатысу шарттарын жүйеде жедел тіркей отырып, толығымен электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұл бір пәтердің бірнеше сатып алушыға сатылып кету жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді. Мәміле қол қойылған бойда тіркеледі, ал ақпарат жүйеде лезде пайда болады, – деп хабарлады «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» төрағасы Алтай Күздібаев.

Осылайша, электронды тіркеу үлестік құрылыс нарығындағы ең жиі кездесетін қауіптердің бірі – пәтерлерді қайталап сатуды жоюы тиіс.

Сатып алушылар үшін не өзгереді?

Салынып жатқан үйден пәтер сатып алатын адамдар үшін жаңа ережелер көбірек ашықтық пен бақылауды білдіреді.

Егер бұрын сатып алушылар үй бітпей қала ма немесе құжаттарда мәселе туындай ма деп жиі алаңдаса, енді көптеген процестер ресми цифрлық жүйелер арқылы өтеді.  

Негізгі өзгерістер мынандай:

  • төлемдер банктер арқылы өтеді;
  • шарттар жүйеде автоматты түрде тіркеледі;
  • құрылыс жобасы туралы ақпаратты онлайн тексеруге болады.

Сонымен қатар, құрылыс жобаларын тексеру үшін арнайы сервис құрылды. Мұны келесі жолдармен жасауға болады:

  • ірі банктердің мобильді қосымшаларында;
  • eGov Mobile-да;
  • homeportal.kz порталында.

Ол жерден құрылыс салушының үлескерлер қаражатын тартуға ресми рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар-жоғын білуге болады.

Кепілдік жүйесі бойынша қанша тұрғын үй салынды?

Төрағаның айтуынша, кепілдік жүйесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.

2017 жылдан бері Қазақстан тұрғын үй компаниясы 1,5 трлн теңгеден астам сомаға 290 құрылыс жобасы бойынша кепілдік берді.  

Осы уақыт ішінде елде 7 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл үйлердегі пәтерлерді адамдар әлі құрылыс сатысында-ақ сатып алған және олардың салымдары кепілдік жүйесімен қорғалған.

Компания мәліметінше, бұл жалпы алғанда шамамен 77 мың қазақстандық отбасының мүддесін қорғауға көмектесті.

Бұл сатып алушылар үшін нені білдіреді?

Алтай Күздібаевтың сөзінше, енгізіліп жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – үлестік құрылыс нарығын адамдар үшін түсінікті әрі қауіпсіз ету.

Біздің міндетіміз – азаматтар құрылыс сатысындағы тұрғын үйге еркін инвестиция сала алатын жүйе құру. Біз мәмілелер ашық өтуі үшін, пәтерлерді қайталап сату немесе шарттарды тіркеу кезінде кідірістер болмауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Құрылыс салушыда қиындықтар туындаған жағдайда, кепілдік беру тетіктері сатып алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Нәтижесінде сатып алушылар құрылыс салушыны тексере алады және жобаның заң аясында жұмыс істеп тұрғанына алдын ала көз жеткізеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!