Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Қазақстанда шетелдік банктердің филиалын ашу жоспарлары туралы айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Халықаралық инвесторларды тарту мақсатында ҚНРДА және Ұлттық банк Қытай, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуропаның қаржы реттеушілері және ірі банктерімен келіссөздер жүргізген.

Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның банк секторына Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group, Біріккен Араб Әмірліктерінің Abu Dhabi Commercial Bank және Қатардың Lesha Bank сияқты ірі халықаралық қаржы институттары кірді.

«2024 жылғы 12 маусымда халықаралық қаржы ұйымы BNK-ға микроқаржы ұйымы BNK-ны екінші деңгейлі банкке айналдыру арқылы ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат берілді. 2024 жылғы 9 қазанда Abu Dhabi Commercial Bank «Исламдық Банк «Al Hilal» АҚ акцияларын сатып алу мәмілесін аяқтады. 21 қазанда «Исламдық Банк «Al Hilal» АҚ атауы «Исламдық Банк «ADCB» АҚ болып өзгертілді. Сонымен қатар, 2024 жылғы 8 қазанда «Бәйтерек» холдингі мен Қатардың Lesha Bank арасындағы Bereke Bank АҚ 100 пайыз акциясын сату мәмілесі аяқталды», – деп хабарлады агенттік Tengrinews.kz ресми сұранысына жауап ретінде.

Қазіргі уақытта Bereke Bank (ДБ Lesha Bank LLC (Public)) атауының өзгеруіне байланысты банк лицензиясын қайта рәсімдеу үдерісінен өтіп жатыр.

«Жаңа шетелдік банктерді тарту үшін шетелдік банктердің еншілес банктері мен филиалдарын ашу талаптарын жеңілдетуге қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленді. Құжаттар тізімі қысқартылып, филиалдарға рұқсат етілген операциялар тізімі кеңейтілмек. Қазіргі уақытта агенттікке шетелдік банктерден филиал немесе еншілес банк ашу бойынша басқа өтініштер түскен жоқ», – деп толықтырды қаржы реттеушісі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!