Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 13 мың 743 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, шетелдік басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 564 рұқсат, құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 585 рұқсат берілген. Тартылған ШЖК негізгі бөлігіне мамандар және білікті жұмысшылар жатады – тиісінше олар 4 913 және 999 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 186 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 496 адам тартылды.
Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 744 жұмыс беруші бар. Оларда 388 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 390 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 455 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 355 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 305 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 237 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізінен Қытайдан – 4 881 адам, Өзбекстаннан – 1 273 адам, Түркиядан – 1 203 адам және Үндістаннан – 1 095 адам келген.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында министрлік жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Биыл жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың мөлшерінде белгіленді, осы жылы қарашадан бастап министрдің бұйрығымен 17,2 мыңға дейін қысқартылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!