Қазақстандағы ЖОО түлектерінің жұмыс іздеу уақыты орташа есеппен 97 күнді құрады. Мұндай дерекпен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов бөлісті.

Оның айтуынша, түлектердің 1 пайыздан азы оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы айда жұмысқа орналасса, 39 пайызы оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы үш айда жұмысқа орналасады. Ал 58 пайызы 3 айдан 6 айға дейін, 2 пайызы 6 айдан астам жұмыс іздейді. Бірінші жартыжылдықта түлектердің 98 пайызы жұмысқа орналасады.

«Сонымен қатар біз түлектер өздері оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса ма, жоқ па, соған талдау жүргіздік. Медицина саласында түлектеріміздің 68,9 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Педагогикалық бағытта шамамен 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Ең төменгі көрсеткіш құрылыс саласында – 30,6% және аса төмен көрсеткіш ауыл шаруашылығы саласында – 19,4%», деп қосты спикер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылы ЖОО-ны бітірген 81,4 мың түлектің 79 пайызы оқу орнын бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналасқан. Орташа жалақы – 155 мың 621 теңге.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!