“Kazakh Invest” пен қытайлық мұнай-газ компаниясы “Geo Jade Petroleum Corporation” 3 ақпанда Қызылорда облысындағы “Созақ” кен орнын дамыту жобасы бойынша серіктестік және жобаны сүйемелдеу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Kazakh Invest басқарма төрағасы Сұлтанғали Кинжакуловтың айтуынша “Созақ – дәстүрлі емес” газ кен орны”. Бұл термин – төмен өткізгіш қабаттардағы табиғи газдың атауы. Мұндай газды алу үшін арнайы әдістер қажет. Атап айтқанда, пластты гидроқысыммен жару немесе көлденең бұрғылау.

Қазақстан үшін дәстүрлі емес, өндірілуі қиын газды алу – шын мәнінде жаңа саланың іске қосылуымен бірдей.

“Бұл жоба тәуекелге толы, инвестор оған 7,8 миллиард доллар салмақ. Егер жоба сәтті болса, осы кен орнынан 1 триллион текше метрге дейін газ өндіруге болады. Қазір жоба жан-жақты зерттеліп жатыр, инвестор 2026 жыл мен 2027 жылдың алғашқы жартысында қорларды зерттеуге 250 миллион доллар жұмсауды жоспарлап отыр”, – деді Сұлтанғали Кинжакулов.

“Kazakh Invest” басқарма төрағасының айтуынша, Қазақстан тарапынан жобаға инвестиция салынбайды, бірақ газ өндіріле бастаса, Қазақстан өндірілген газдың бір бөлігін ішкі нарыққа алу арқылы үлес алады.

“Бұл өнімді бөлу туралы келісімге ұқсас болады. Инвестормен талқылап отырған тағы бір нұсқа – барлық өндіріленген газды ішкі нарыққа жеткізу. Бұл баға мен басқа да шарттарға байланысты, оларды инвестормен келісеміз”, – деді басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, “Созақ” жобасы инвесторлардың болжамына сәйкес 2045 жылға дейін жұмыс істейді. Осы кезеңде Қазақстан бюджетіне түсетін салықтық түсімдер шамамен 5 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Бастапқы кезеңде ең көбі 2 мың жұмыс орны құрылады, ал жобаны іске қосқаннан кейін 5-7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорында кем дегенде 90% қазақстандық мамандар жұмыс істейді.

“Geo Jade Petroleum Corporation – Қытайдың халықаралық тәуелсіз энергетикалық компаниясы, активтері 14 миллиард доллардан асады, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропада мұнай мен газды барлау және өндірумен айналысады. Компания Қазақстанда 2014 жылдан бері белсенді жұмыс істеп, мұнай-газ активтерін сатып алып келеді және ірі энергетикалық жобаларға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салған”, – деп мәлімдеді Kazakh Invest басқарма төрағасы.

Kazakh Invest басшысы хабарлағандай, қытайлық мұнай-газ компаниясынан басқа, жобаға Қатардан да инвесторлар қатысады, бірақ нақты кімдер қатысатыны жарияланбайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!