Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерінің Ресейден кетуі Қазақстандағы ресейліктер үшін банктік төлем карталарын ашу қызметтерінің пайда болуына әкелді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

Visa және Mastercard 5 наурызда Ресейде жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Екі компания санкцияларды қолдай отырып, ресейлік банктер шығарған карталар бойынша қызметін тоқтататынын хабарлаған болатын.

Қазақстанда банк картасын ашу интернет-дүкендерде транзакцияларды жалғастырғысы келетін, халықаралық аударымдарды жүзеге асырғысы келетін және шетелде саяхаттау барысында картамен төлегісі келетін ресейліктер үшін қызықты екені атап өтілді.

Айта кетейік, Қазақстанда резидент еместерге банк шоттарын ашу қарапайым процедура, бірақ оны өз бетімен қашықтан орындау мүмкін емес.

«Ресей аумағында елеуметтік желіде Қазақстанда карталарды ашу бойынша делдалдық қызметтерді көрсету туралы көптеген хабарландырулар пайда болды. Бұл қызметтерді WhatsApp пен Telegram-да тақырыптық топтар құратын заңгерлік фирмалар да, жаңадан бастағандар да ұсынады», – деп түсіндірді агенттік.

Делдалдардың жұмыс схемасы келесідей: тапсырыс беруші Қазақстанға төлқұжаттың көшірмесін және нотариалды куәландырылған сенімхатты курьерлік қызмет арқылы жібереді, қызмет ақысын төлейді, жауап ретінде ЖСН, пластикалық карта және қазақстандық оператордың sim-картасын беру туралы құжатты алады.

«Қазақстандық банктер Ресей азаматтарынан карточкалық шот ашуға сұраныс артқанын айтты», – деп мәлімдеді РИА Новости.

«РФ азаматтарынан мультивалюталық карталарды ашуға өтінімдер саны наурыздың ортасынан бастап өсе бастады. Клиенттердің осы санаты үшін карталарды ашу бойынша нақты статистика және олардың операциялары бойынша қандай да бір аналитика туралы айтуға әлі ерте», – деп хабарлады басылымға қазақстандық банктердің бірі.

Бұл ретте банкирлер жаңа нарықтық трендтің қалыптасуын біршама сақтықпен бақылап отырғанын атап өтеді.

«Егер бұл үрдіс кең таралса, халықаралық төлем жүйелері тарапынан қазақстандық банктерге қосымша шектеулер болуы мүмкін», – деді агенттік сұхбатшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!