«Әскери қызмет туралы» заң резервтегі қызмет туралы жаңа тараумен толықтырылатын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы заң бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі қабырғасында талқыланып жатыр.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар 6 кодекс пен 14 заңға 100-ге жуық түзету енгізген.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның құрылымына мерзімді және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсас «Резервтегі әскери қызмет» жаңа тарауын енгізу ұсынылды. Ол резервтегі әскери қызметке қабылдау талаптарын, резервтегі әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың әскери қызмет өткеру тәртібін реттейді. Сонымен қатар депутаттардың бастамасы бойынша резервтегі әскери қызметшілер басқа әскери қызметшілермен тең дәрежеде әскери қылмыстық құқықбұзушылық субъектілеріне жатқызылады. Бұл ретте Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерде әскери қызметшілердің барлық түріне «әскери қызметші» деген бірыңғай ұғымды қолдану ұсынылады”, – делінген ҚРПарламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Заңмен әскери резервшілерді әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде еңбекақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары мен жарналары және басқа да төлем мәселелері реттелмек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!