Фото: gov4c.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Вице-министрі Асхат Оразбек 2024 жылғы 16 қазанда Мәжілістегі пленарлық отырыста нөмірлік жоспарды мемлекетке қайтару бастамасын қолға алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәселе депутат Асхат Рахымжановтың киберқылмыс туралы сұрағынан кейін көтерілді. Ол алаяқтықтың бұл түрі тек онлайн режимінде ғана емес, сонымен қатар азаматтар туралы толық ақпаратқа ие банктердің өзінде белең алуда екендігін айтты.

«ХҚКО-ларға, EGOV порталына, ұялы байланыс операторларына деректердің құпиялылығы бөлігіне байланысты көптеген сұрақтар бар. Сондай-ақ, алаяқтарды іздеу бойынша іс жүзінде ешқандай әрекет атқармайтын полиция қызметкерлерінің пассивтілігін атап өткім келеді. Алаяқтыққа қатысы бар ұялы байланыс операторларына қандай шаралар қарастырылған? Банктер мен МҚҰ-ның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күшейту, сондай-ақ алаяқтық схемаларды анықтау, алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды ма? Алаяқтық білігін тоқтату үшін қандай заңнамалық нормалар әзірлеу керек?»,- деп сұрады депутат.

ІІМ өкілі Айдос Рысбаев алаяқтар қазақстандық SIM-карталар арқылы қоңырау шала бастағанын атап өтті.

«Біз осы фактілерге жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда ірі үш топ құрықталды. Олардан 19 құрылғы, 3,5 мыңға жуық SIM-карта тәркіленді. Қылмыстық істі тергеу аясында біз бұл SIM карталардың қылмыскерлердің қолына қалай түскенін анықтаймыз. Іс ІІМ басшылығының тұрақты бақылауында», — деп толықтырды ол.

Асхат Оразбек байланыс операторларымен айтарлықтай жұмыс атқарылғанын атап өтті. Бірақ, бүгінде алаяқтар әлеуметтік желіні белсенді пайдалана бастаған. Әсіресе, операторлар бұғаттай алмайтын WhatsApp-ты қолдану жиілеген.

«Біз нөмірлік жоспарды мемлекетке қайтару бойынша заңды түрде шығатын боламыз. Сәйкесінше азаматтар нөмірлерді электрондық үкімет порталында немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы ғана сатып алады»,-деді Асхат Оразбек

Банктердің киберқауіпсіздігі туралы ол ҰҚК-мен бірлесіп банктерді ақпараттық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізіміне енгізгенін атап өтті.

«Оларға АКТ және АҚ саласындағы бірыңғай талаптар қолданылады, банктер оларды орындауы тиіс. Сондай-ақ, мектептегі оқушыдан бастап, ата-ана, банк қызметкерлері-тұтынушыларына дейін кибергигиена мәселесін көтеріп, дамытуымыз керек», — деді Асхат Оразбек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!