Вице-премьер Ералы Тоғжанов солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тоғжановтың айтуынша, елімізде «Дәулеттен» қайырымдылық қорының жұмысы аясында «Бала – Шағамен солтүстікке» жобасы жүзеге асырылады. Вице-премьер жоба аясында оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 1300 адам көшетінін мәлімдеді. Азаматтар арасында көбінесе Түркістан облысының, сонымен қатар Маңғыстау облысының тұрғындары көшуге ниет білдірген.
«Бұл бағытта қоныс аударуға жағдай жасау бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Маңызды тетіктердің бірі – Жамбыл облысының тәжірибесі негізінде кооперативтер құру мүмкіндігі болмақ. Кооперативке кіретін барлық адамдар белгілі бір жеңілдіктерге ие болады, соның ішінде мемлекеттік субсидиялар, технологияларды сатып алу және жеңілдікті несие ресурстарын алу», – деді Ералы Тоғжанов сенаттың жалпы отырысында журналистерге жауап беріп тұрып.
Сондай-ақ, вице-премьер бүгінде көшіп келушілерді қолдаудың тағы бір әлеуметтік шарасы – солтүстікке көшуге ниет білдіргендер үшін АӘК мөлшерін ұлғайту қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Оны біз парламентке енгіземіз деп ойлаймын. Солтүстік өңірлерге көшуге ниеті бар АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алушылар үшін белгілі бір соманы көбейтуге болады. Бұл ұсыныс әзірге қарастырылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырдық», – деді вице-премьер.
Тоғжанов қазір бағдарламаларды тұтастай біріктіріп жатқанын айтты.
«Білім министрлігінің «Серпін», «Бала-шағамен солтүстікке» деген бағдарламалар бар. Сондықтан қазір біз бағдарламаны тұтастай біріктіріп жатырмыз, бұл болашақта жүзеге асады. Әлеуметтік кодекс аясында жобалар талқыланатын болады», – деді Тоғжанов.
Ол көшіп келушілерге әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін екенін айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!