«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 22 ақпаннан бастап Қазақстандағы екі жол учаскесі ақылы болады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 7 ақпанда қол қойған №39 және №40 бұйрықтарға сәйкес Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы (Троицк) және Ақтөбе – Ресей Федерациясының шекарасы (Орынбор) бағытындағы тасжол учаскелері жүк көліктері мен автобустар үшін ақылы болмақ.
Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы (Троицк) тасжолы
Жаңа ақылы учаскенің ұзындығы – 163 шақырым, 539-шақырымнан 376-шақырымға дейін (М-36). Жүргізушілер балама бағыт ретінде Қостанай – Рудный – Әйет – Ресей Федерациясының шекарасы және Ресей Федерациясы (Екатеринбург) – Алматы жолдарын пайдалана алады.
Ақтөбе – Ресей Федерациясының шекарасы (Орынбор) тасжолы
Ақылы учаске 17-шақырымнан 99+692 шақырымға дейінгі бөлікті (82,7 шақырым) қамтиды. Бұл учаскені айналып өту үшін Ақтөбе-Ресей Федерациясының шекарасы (Орск) бағыты бойынша жүруге болады.
Төлем автоматты режимде жүзеге асырылады, шлагбаумдар мен стационарлық бекеттер болмайды. Аркада орнатылған камералар көлік қозғалысын, жылдамдықты тіркейді.
Төлеудің 10-ға жуық әдісі қарастырылған: интернет банкинг, терминалдар, электрон әмияндар, телефон балансы, жанармай карталары (E100), сондай-ақ, заңды тұлғалар үшін келісімшарттар. Алдын ала төлем жасаған жағдайда жол жүру құны төмен болады.
Ақтөбе-Ресей Федерациясының шекарасы (Орынбор) тасжолы бойынша төлем мөлшері:
- 16 орынға дейінгі автобустар, 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 515 теңге (алдын ала төлем), 600 теңге (кейінгі төлем);
- 32 орынға дейінгі автобустар, 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 1040-1220 теңге;
- 32 орыннан жоғары автобустар, 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 1545-1820 теңге;
- 10-15 тонна жүк көліктері: 2080-2440 теңге;
- 15 тоннадан жоғары, тіркемелері бар жүк көліктері, седельді тартқыштар: 2580-3040 теңге.
Қостанай-Ресей Федерациясының шекарасы (Троицк) тасжолы бойынша төлем мөлшері:
- 16 орынға дейінгі автобустар, 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 1010-1190 теңге;
- 32 орынға дейінгі автобустар, 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 2055-2415 теңге;
- 32 орыннан жоғары автобустар, 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері: 3065-3610 теңге;
- 10-15 тонна жүк көліктері: 4100-4825 теңге;
- 15 тоннадан жоғары, тіркемелері бар жүк көліктері, седельді тартқыштар: 5120-6030 теңге.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!