Бүгін Мәжілісте архив ісін дамытуға қатысты заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Депутат Елнұр Бейсенбаев құжатты таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, құжат мұқият пысықталып, саладағы өзекті мәселелерді шешуге және архив ісін заманауи деңгейде дамытуға бағытталған жаңа нормалармен толықтырылған.

Архив – ұлттың жады, мемлекет тарихының құжаттық айғағы. Сондықтан мұрағат саласын үнемі жетілдіріп, дамытып отырудың мәні зор. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тарихи жадымызды сақтау және азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру үшін заманауи цифрлық архивтер құру жөнінде нақты тапсырма берген болатын, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Заң жобасы архив жүйесін нығайтуға, цифрлық процестерді реттеуге, дербес деректерді қорғауға және тарихи мұраны сақтауға бағытталған.

Жаңа заң жобасының негізгі жаңалықтары:

  • Ұлттық архив қорының құрамын қала құрылысы, жобалық-сметалық және сызбалық құжаттар есебінен кеңейту;
  • Құжаттарды тұрақты сақтауға қабылдау және цифрлық архивке өткізу тәртібін реттеу;
  • Бюджет есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын архивтерге тапсыру;
  • Цифрлық архивке арналған жаңа бап енгізу.

Сонымен қатар Елнұр Бейсенбаев мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселесіне ерекше тоқталды.

AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты міндеттердің бірі – мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру. Осыған сәйкес заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтетін нормалар қарастырылған. Енді олар ауылдық жерлердегі архив мамандарының лауазымдарын өздері айқындап, жалақыға қосымша 25 пайыз үстемақы белгілей алады, – деді депутат.

Сонымен бірге Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік архивтерге “Ұлттық” мәртебе беріледі. Бұл шешім Парламент пен Үкіметтің елдің тарихи жады мен мәдени мұрасын сақтау бағытындағы бірлескен жұмысының нәтижесі.

Енді ұлттық архив қызметкерлеріне еңбекақыны есептеу кезінде 1,75 еселік үстеме коэффициент қолданылатын болады. Алдағы жылы Астана мен Алматы қалаларындағы екі архив осындай ұлттық мәртебеге ие болуы жоспарланып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!