Фото: pixabay

Қазақстанда биыл TikTok-тан 1,2 миллионнан астам балалар аккаунты өшірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда TikTok-ты бұғаттауға қарсы екенін білдірді. Ол «қазіргі жастарды тәрбиелеу мәселелері» тек әлеуметтік желілерге байланысты емес екенін айтты.

Үкімет басшысы депутат Геннадий Шиповскихтің Қазақстанда TikTok-ты бұғаттау туралы ұсынысына жауап берді. Мәжіліс депутаты қауіпті контент жасөспірімдерге теріс әсер етіп, оларды «жалған идеалдарға және тәуелділікке» әкелуі мүмкін деп шағымданған еді.

Жауап ретінде Бектенов платформада экстремизм, радикализм, сепаратизм, аса қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы келетін контентті бұғаттайтын алгоритмдер әзірленгенін айтты.

«Модераторлар командалары жергілікті даулы контентті қарап, қолданушыларға қауіп төндірсе, оны өшіреді. TikTok – 13 жасқа толмаған қолданушылардың аккаунттарын жою санын ашық көрсеткен алғашқы ірі платформа. Биылғы сегіз айда Қазақстанда 13 жасқа толмаған қолданушыларға тиесілі 1,2 миллионнан астам аккаунт өшірілді», – деп жазылған премьер-министр жауабында.

Сонымен қатар премьер-министр YouTube Kids сияқты балаларға арналған бөлек TikTok қосымшасын жасаудың қажеті жоқ деп есептейтінін жеткізді.

«TikTok 13 жасқа толмаған балаларға арналмағандықтан, YouTube Kids секілді арнайы қосымша жасау мәселесі қарастырылмайды. Платформа App Store және Google Play-де 12+ рейтингіне ие. Бұл ата-аналарға 13 жасқа толмаған балалардың қосымшаны жүктеуіне «ата-ана бақылауы» құралдары арқылы кедергі келтіруге мүмкіндік береді. Ал «отбасылық баптаулар» арқылы ата-ана өз аккаунтын жасөспірімнің аккаунтымен байланыстырып, бақылау жүргізе алады», – деді Олжас Бектенов.

Ол үкіметтің әлеуметтік желілердің қазақстандық балалардың «дүниетанымы, рухани және адамгершілік тәрбиесіне» кері әсерін жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!