Қазақстанда тұрғын үй нарығына байланысты маңызды жаңашылдық енгізілді. Заң жобасын Сенат мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сенат 12 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Соған сәйкес, енді салынып жатқан нысандардан тұрғын үй сатып алуға ипотека беру тоқтатылады, ал пәтер сатып алу-сату мәмілелері тек қолма-қол емес есеп айырысу, яғни банктер арқылы ғана іске асады.

Жаңа ережелер тек жаңадан салынып жатқан үйлерге қатысты болады, ал екінші нарыққа әзірге мұндай шектеу қойылмайды.

Сондай-ақ салынып жатқан нысандардан тұрғын үй сатып алуға ипотека беру тоқтатылады, ал пәтер сатып алу-сату мәмілелері тек қолма-қол емес есеп айырысу арқылы жүргізіледі.

Бұл не үшін қажет?

Басты мақсат – Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығын ашық әрі қауіпсіз ету. Қазіргі кезде құрылыс саласында «көлеңкелі» схемалар үлесі жоғары: көптеген нысандар рұқсатсыз салынады, ал келісімдер заңды айналып өтіп, қолма-қол төлем және бейресми шарттар арқылы жүзеге асады.

Қабылданған өзгерістерге сәйкес, енді:

  • Төлем – тек қолма-қол емес тәсілмен. Ақша банктер арқылы өтеді, тіркеледі және оларға салық түсімдері жүреді.
  • Алдын ала, инвестициялық келісімшарттар мен бронь қоюға тыйым салынады. Тек үлестік қатысу туралы келісімшарт қалады – бұл жалғыз ресми формат болады.
  • Ипотека – тек тексерілген жобаларға беріледі. Егер мердігерде рұқсат құжаттары болмаса, банк несие бермейді.
  • Айыппұлдар еселенеді. Заңды айналып өтіп жұмыс істеген мердігерлерге 2000 АЕК-ке дейін, ал заңсыз жарнама үшін 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл ақшалай алғанда – 3 932 000 – 7 864 000 теңге.

Өзгерістің қандай оң тұсы бар?

Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, бұл тұрғын үй нарығындағы мәмілелерге белгілі бір тәртіп орнату қадамдары. Осы арқылы нарықтың қазіргі нақты жағдайы айқын болады.

Бұл алаяқтық әрекеттердің азаюына алып келетін, оң өзгеріс. Одан бөлек салықтан жалтару, ипотеканың ақшасын артығырақ алып қою секілді түрлі махинациялар тыйылады. Барлығы айқын көрініп тұрады. Егер осы норма қолданысқа енгізілсе, тұрғын үй операцияларынан түсетін салықтар екі-үш есе артады, – дейді сарапшы.

– Мәмілелердің ашықтығы. Қолма-қол емес төлемдерді қадағалау оңай, олар ресми түрде жүргізіледі және алаяқтық қаупін азайтады.

– Көлеңкелі құрылыстың азаюы. Қолма-қол ақша қабылдаған заңсыз құрылыс салушылар нарықтан ығыстырылып, құрылыс компаниялары тек заң аясында жұмыс істеуге мәжбүр болады.

– Сатып алушылардың құқығын қорғау және алғашқы нарыққа деген сенімділік артады. Айналма келісімшарттарға тыйым салу және рұқсат құжаттарының міндетті болуы инвестициялардың қауіпсіздігін арттырады. Нарық реттелген және ашық болған кезде, адамдар жаңа үйлерді сенімді түрде сатып ала бастайды.

Тұрғын үй сатып алушыларға тәуелекелдер бар ма?

Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы президенті Виктор Микрюковтің сөзінше, сатып алушылар үшін ешқандай қауіп жоқ.

Шағын құрылыс компаниялары үшін де мәселе туындамайды. Оның үстіне, олардың заңды нарыққа шығуына қойылатын талаптар жеңілдетіледі. Бұл қатаңдатуларға байланысты тұрғын үй бағасының өсуі де күтілмейді, – дейді ол.

Бұған дейін Мәжілісте хабарланғандай, жаңа заң бойынша құрылыс компанияларына қойылатын талаптар жеңілдетілді: жұмыс тәжірибесі бойынша – 3 жылдан 2 жылға дейін, ал республикалық маңызы бар салынған тұрғын үйдің жалпы алаңы – 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін, басқа қалаларда – 5 мың шаршы метрге дейін қысқартылды.

Құрылысшылар қауымдастығының айтуынша, құжаттарын реттемеген, қажетті рұқсаттарын ресімдемеген құрылыс компаниялары қаржыландырудан айырылады. Банктер олардың мәмілелерін жүргізбейді. Тиісінше, нарықта бар кейбір жобалар айналымнан шығады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, елімізде 99 үй рұқсатсыз салынған және 42 проблемалық үйлер бар.

Қолма-қол емес есеп айырысу қалай жұмыс істейді?

Мәселен, мен – сатып алушымын, қолма-қол ақшам бар. Мен банкке барып, бұл ақшаны тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты бойынша ашылған өз шотыма аударамын. Банк құрылыс салушыда рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексереді де, төлемді жүзеге асырады. Ал егер мердігердің рұқсаты болмаса, төлем өтпейді, – деді Виктор Микрюков.

Заңдағы негізгі новеллалар:

  • салынып жатқан үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
  • үлескерлердің қаржыларын рұқсатсыз жарнамаға тартуға тыйым салу;
  • салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығы бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың бақылау жүргізу;
  • салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйде жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотекаға тыйым салу;
  • салынып жатқан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүргізу;
  • тұрғын үй құрылысының жоспарлы мерзімін 9 айдан 5 айға ұзартуға рұқсат беру;
  • бірыңғай оператордың кепілдігін алу және банктердің жобаға қатысу тәсілдерімен үлестік құрылыс кезінде талаптарды төмендету;
  • уәкілетті компанияның көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы құрылысының аяқталуын күтпей, әкімдік рұқсатын алғаннан кейін бірден үлескерлердің ақшасын пайдалануға рұқсаты.

Құжатта көрсетілген ұсыныстарға сәйкес, елімізде Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады. Енді заңға Президент қол қояды және ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!